Ақтөбе облысында суды хлорламай ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Ақтөбе облысындағы су қондырғыларды тексеріп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Комитет мүшесі Рашит Ахметовтің айтуынша, аймақта халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету аясында хлорлау қондырғылары орнатылды. Бұл - санитарлық ережелердің талабы. Алайда аталған қондырғылар жұмыс істемейді. «Мәселен, аудит кезінде Иманғали Білтабанов атындағы ауылда хлорлау қондырғысын қолданбай жатқаны анықталды. Ол нысанға бюджеттен 3,6 млн теңге жұмсалды. Жалпы, Ақтөбе облысында орнатылған хлорлау қондырғыларына 100,4 млн теңге кетті. Қазір тағы 8,8 млн теңгеге салынып жатыр», - дейді Р.Ахметов.
Комитет төрайымы Наталья Годунова да хлорлау қондырғылардың бос тұрғанына таң қалды. «Ол қалай? Аудиторлар тексеріп қарағанда хлорлау қондырғылары сол күйінде тұрды. Қалай салды, тура солай жап-жаңа, целлофаны да алынбаған. Тап-таза, бірақ бәрі жабық. Сонда не үшін салдық? Бюджет ақшасын не үшін бөлді? Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бар емес пе? Суды хлорлап отыру қажет қой. Ал хлорлау қондырғылары целлофанмен қапталып тұрса, ол жұмыс қалай атқарылады?», - деп сұрады Н.Годунова.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, хлорлау шараларын өткізудің өзіндік тәртібі бар. «Иә, Қобда ауданында 3,6 млн теңгеге хлорлау қондырғысы орнатылған болатын. Оны пайдаланбайды дейді. Бірақ соңғы дезинфекция ағымдағы жылы маусым айында жасалды. Негізі, Ұлттық экономика министрі бекіткен санитарлық нормалар бар. Оған сәйкес, суды хлорлау шаралары белгілі бір уақытта атқарылады. Мәселен, судың сапасы нашарласа, хлорлау басталады. Сосын инфекциялық аурулар мен апаттық жағдайлар болған жағдайда хлорлау қондырғысын іске қосады», - деді О.Смағұлов.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста Ақтөбе облысының қаржылық жұмысына жүргізілген аудиттің нәтижесі жарияланды. Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ақтөбе-Атырау тас жолының құрылысы туралы айтып берді.