Ақтөбе облысында жол апатынан 2 адам мерт болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында жол апатынан екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысында жол апатынан 2 адам мерт болды

Оқиға 1 қыркүйек күні сағат 18.25-те Шұбарқұдық ауылынан 89 шақырым жерде, «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» автожолында болды.

Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны «ВАЗ-2110» автокөлігімен Ақтөбе қаласы жағынан Шұбарқұдық кенті бағытында келе жатып, рөлді басқара алмай көлік аударылған.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушы алған дене жарақатынан көз жұмды.

Сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды.

ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аймақтың бас полицейі Атығай Арыстановтың айтуынша, апаттар туралы статистика жол қозғалысына қатысушылардың барлығы бірдей қауіпсіздікке мән бермейтіндігін көрсетеді.

«Барлықтарыңызды жолдарда белгіленген ережелерді сақтауды, жолда жүру мәдениетін қадағалауды және бір-біріңізге құрметпен қарауды сұраймыз»,-делінген полиция хабарламасында.