Ақтөбе облысында жыл басынан бері 348 жол жөнделген

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жыл басынан бері 348 жол жөнделген. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 348 жол жөнделген

«Осыдан он жыл бұрынғы мәліметтерге сүйенсек, ол кезде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі небары 42% болған екен, ал 2019 жылы 56,5% құраған.

Бүгінгі күні облыста жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61% құрайды. Осы бағытта әлі де көптеген жұмыстар жүргізілуде», - деді О.Оразалин.

Оның сөзіне қарағанда, биыл 14,3 млрд теңгеге 348 шақырым жол жөнделген.

«Жалпы, жыл қорытындысы бойынша 450 шақырымнан астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде жалпы алғанда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 66% жетуі тиіс.

Атап айтқанда, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолын», «Ақтөбе-Орск», «Қобда-Мәртөк» автомобиль жолдарын қайта жаңарту және күрделі жөндеу сынды ірі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр», - деді аймақ басшысы.

Айтуынша, мұндағы жөндеу жұмыстары 1-2 жылдың ішінде толық аяқталады.