Ақтөбе облысында жыл басынан бері алаяқтықпен байланысты 1188 қылмыс тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарымен алаяқтыққа қарсы шараларды бұрынғыдан күшейтіп, онымен күрестің жаңа тәсілдемелерін әзірлеу талап етіледі. Осыған байланысты азаматтар арасында алаяқтыққа қарсы қолданылатын іс- әрекеттердің тиімділігі мәселесі Ақтөбе облысы прокуратурасының заңдылықты қамтамасыз ету Қоғамдық Кеңесінің мәжілісінде қаралды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.

Ақтөбе облысында жыл басынан бері алаяқтықпен байланысты 1188  қылмыс тіркелді

Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 2014 жылдың 9 айында облыста алаяқтықпен байланысты 1188 қылмыс тіркелген. 2013 жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда, тіркелген қылмыстардың саны 259 қылмысқа немесе 17,9% төмендеген. Ал жалпы қылмыстардың құрылымындағы алаяқтық санатындағы қылмыстардың үлес салмағы 8,8% құрайды.

«Қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылысжинақ банкі» немесе «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша төмен бағамен пәтер сатып алуға жәрдемдесу түріндегі жасалған алаяқтық қылмысының 32 дерегі анықталды. Мысалы, азаматша С. ұзақ уақыт бойы жалпы сомасы 8 млн. астам теңгеге алаяқтық қылмыс жасаған. Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша аталған адам бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылды», делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы азаматша Б. қаржы пирамидасы бойынша азаматтарға жалпы сомасы 8 млн. теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол қисынды нәтижесіне жеткізілген.