Ақтөбе облысының бес ауданында медициналық бекет салынады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтөбе қаласында жедел жәрдем бекеті мен офтальмологиялық клиниканың және Маресьев көшесінде медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйдің құрылысы басталды, деп жазады облыстық «Ақтөбе» газеті.
Бұндай шаралар аудандарда да жүргізіледі. Биыл аудандарда бес медициналық пункт салынады. Олар - Мұғалжарда Құмсай ауылы, Ырғызда - Телман, Жаныс би, Әйтеке биде - Милы, Алға ауданында Көптоғай ауылы.
Сондай-ақ маусымның жиырмасынан кейін тағы бір бауыр ауыстыру отасы жасалады. Қазір науқас пен донорды медициналық тексеруден өткізіп, дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін ота жасаған екі науқас қазір дәрігерлердің бақылауында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтың айтуынша, бауыр ауыстырған алғашқы науқастың денсаулығы жақсы, ал екінші ота жасаған науқаста асқынулар пайда болып, қазір ол ем алу үстінде. Ал бауырын берген азаматтардың денсаулығында ешқандай ақау жоқ.
Кәмшат ҚОПАЕВА