Ақтөбе полициясы жол бойында билеген балаларды тасымалдаған жүргізушіні жазалады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында екі бала көліктен түсіп, жүргіншілер жолағында лезгинка биледі. Полиция жүргізушіні жазалады.

Ақтөбе қаласындағы би студиясы әлеуметтік желіге шаһардағы бас даңғылдан түсірілген видеоны жариялады. Кейін оны өзге әлеуметтік желі парақшасы көшіріп басып, көпшілік арасында пікірталас туды. Видеода көлік жүргіншілер жолағы маңына тоқтайды. Сол кезде көлік ішінен екі бала шығып, тура жолақ үстінде лезгинка билейді. Ұзақтығы 31 секунд болатын видеоны полиция тексеріп, сол жерде болғандарды бөлімге шақырған.
— Жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы, яғни, «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» бойынша жауапқа тартылды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. Бұл бап бойынша 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтауда жол бойында лезгин биін билегендер жауапқа тартылды.