Ақтөбе прокурорлары «діни пансионаттың» атын жамылған мекемелерді жапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы прокуратурасы балалар пансионаттары түріндегі қайырымдылық мекемелерін тексеру барысында қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғанын анықтады.
«Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе» және «Ақжар» пансионаттарының тәрбиеленушілерінің жеке істерін зерделеу барысында, тәрбиеленушілердің діни әдебиеттерді пайдаланғаны, сонымен қатар, жеке істерінде діни жазбалары бар дәптерлердің бар екені анықталды», - делінген хабарламада.
Іс жүзінде мекемелердің қызметі олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келетіні белгілі болды.
«Қайырымдылық мекемелері қызметінің діни бейімділігі, балалар мен тәрбиешілердің сауалнамаларымен де расталды. Сонымен қатар, обьектілерде санитарлық-эпидемиологиялық, өрт, еңбек заңнамасының талаптары бұзылған», - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Аталған мекемелер өз қызметін санитарлық-эпидемиологиялық қорытындыларсыз жүзеге асырған.
Балалардың тиісті білім алуға, тәрбиеленуге және дер кезінде медициналық көмек алуға құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған.
Қазіргі уақытта сот Ақтөбе қаласы прокуратурасының талап-арызы бойынша «Ақтөбе» және «Ақжар» пансионаттарын тіркеуден шығарып, таратып жіберді.