«Ақтөбе – Шымкент» бағытындағы ұшақта жанжал шығарған жолаушы рейстен түсірілді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жолаушы мас күйінде әуе компаниясының қызметкерлерін балағаттап, өзін дөрекі ұстаған. Ақтөбе станциясындағы желілік полиция қызметкері әкімшілік хаттама толтырды.

Дубай – Астана рейсі 2,5 сағаттан астам уақытқа кешікті
Фото: Kazinform

Оқиға 22 тамыз күні болды. Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны мас күйінде жанжал шығарған. Ол әуе компаниясының қызметкерлерін балағаттап, экипаждың талаптарын орындамаған.

- «Ақтөбе-Шымкент» бағытындағы әуе кемесі командирінің актісіне сәйкес полиция қызметкерлері 48 жастағы Түркістан облысының тұрғынын рейстен түсіріп алды. Полиция барған кезде де ол билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, қасақана қарсылық танытқан. Құқықбұзушыға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің үш бабы, яғни қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйде келгені, ұсақ бұзақылық жасағаны және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Scat» әуе компаниясының Ақтау - Шымкент рейсінің жолаушысы ұшақта жарылғыш зат барын хабарлап, салдарынан шамамен 200 адам шұғыл эвакуацияланды, ал арнайы қызмет өкілдері ұшақты тексерді. Жүргізілген мұқият тексерістен кейін жарылғыш зат табылған жоқ. Жолаушы ұсталды. Маңғыстау көліктегі полициясы әйелге қатысты «терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғады.

 

Соңғы жаңалықтар