«Ақтөбе» су қоймасы жөнделіп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Ақтөбе» су қоймасында қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыс желтоқсан айында аяқталады. 

су қоймасы
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Ақтөбе» су қоймасында бетон жарықтары мен ойықтары қайта жаңғыртылады. Сонымен бірге су өткізу құрылғысын ашып-жабуға арналған кранның электр жабдықтары ауыстырылады. Қозғалтқышы, сымы түгел жаңаруы тиіс.

– «Ақтөбе» су қоймасы 1988 жылы салынған. Сол кезден бері жөнді күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеді. Биылғы жөндеу жұмысы кезең-кезеңге бөлінген. Ауа райына қарай ыңғайлы етіп жоспар құрылды. Мұнда барлығы 5 шлюз бар. Біреуін ашып-жабуға 20 минуттай уақыт кетеді. Биыл екеуі жөнделеді. Нақтырақ айтқанда жан-жағындағы резеңкесі ауыстырылып, төменгі бөлігіндегі бетон құрылғысы жаңарады, - деді «Ақтөбе» су қоймасының басшысы Елібай Ізмаханов.

Сонымен бірге су қоймасы қоршалып, дабыл жүйесі қондырылады. Сонымен бірге жарықтандырылып, 20-дан астам бейнекамера орнатылады. 

– Стратегиялық нысан болған соң сырттан бөгде адам кірмеуі керек. Оны біздің күзет қызметі қарап, қадағалап отыр. Су қоймасында 5 адам жұмыс істейді. Олар кран жүргізушісі, реттеуші мен күтіп ұстауды мойнына алған жұмысшылар, - деді Елібай Ізмаханов.

Айта кетейік, «Ақтөбе» су қоймасы қала маңында орналасқан. Сыйымдылығы – 245 млн текше метр. Қазір мұнда 150 млн текше метр су бар. Әзірге секундына 25 текше метр су жіберіліп жатыр. 

Еске салсақ, биыл көктемгі су тасқыны кезінде «Ақтөбе» су қоймасы толып, шлюз ашылды. 28 наурыз күні Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы жаңалықтар