Ақтөбе су қоймасынан халыққа қауіп жоқ – Су ресурстары министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Ақтөбе облысындағы су бөгендерінің ахуалы туралы мәлімет ұсынды.
«Қазгидрометтің 30 наурыз-5 сәуір аралығына берген болжамы бойынша, төмендегі су қоймаларда су көлемінің көбею қаупі бар. Осыған орай біздің тарапымыздан суды уақытылы өткізу жұмыстары жүргізіліп жергілікті атқарушы органдарымен төтенше жағдай министірлігіне тиісті мәліметтер уақытылы берілуде. Айта кетсем, Ақтөбе су қоймасына 27-29 наурыз аралығында 200 млн текше метр су келіп түсті, бұл оның жобалық көлемінің 80%-ы деген сөз. Сонымен қатар, жергілікті органдармен бірлесіп, тұрғындарды эвакуациялауды қамтамасыз ету үшін төменгі ағыста жобалық қуаттан жоғары 15 млн текше метр су жиналды. 1 сәуірге Ақтөбе су қоймасын толтыру көлемі 86% құрайды. Қазіргі уақытта 300 м³/сек транзиттік жіберу орнатылды, су тасқыны ағынын қабылдау мүмкіндігі бар», - деді ол.
Министрдің сөзінше, Ақтөбе және Қарғалы су қоймаларындағы ахуалды бағалау үшін Елек және Қарғалы өзендеріне әуеден тексеру жұмыстары жүргізілген.
«Тексеру қорытындысы бойынша Ақтөбе су қоймасына еріген судың қосымша ағыны түсетінін және оның деңгейі қауіпті емес екенін атап өткім келеді. Елек өзені бойынша одан әрі салалар болған жағдайда, артық су мөлшері су қоймасына жиналатын болады, бұл Қарғалы өзені (Елек өзенінің бүйірлік саласы) арқылы өту үшін Елек өзенінің деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Қарғалы су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істеп тұр және оның деңгейі 58% құрайды», - деді Нұржан Нұржігітов.