Ақтөбе тасымалдаушыларына жолақы тарифін көтеруге рұқсат етілмеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұндай шешімді Ақтөбенің қоғамдық кеңесінің мүшелері қабылдады, әкімдік тасымалдаушылардың қоғамдық көлік жолақысын көтеруге қатысты дәлелдерін жеткіліксіз деп бағалады.
Ақтөбе әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияровтың айтуынша, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесі мен өзге де азаматтардан құралған комиссия «Автопарк» ЖШС-ы мен «ПАТП» ЖШС-ның қоғамдық көліктердегі жолақы төлемін көтеру туралы өтінімдерін қарады.
«34 бағдар бойынша қызмет көрсететін «Автопарк» ЖШС бір реттік жолақыны 131теңгеге дейін көтеру туралы өтінім берді, ал 16 бағдар бойынша «ПАТП» ЖШС 105 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынды.
Алайда комиссия материалдарда көрсетілген тасымалдаушының шығындары жөнінде бірқатар сұрақ қойды. Әкімдік тасымалдаушылардың қоғамдық көлік жолақысын көтеруге қатысты дәлелдерін жеткіліксіз деп бағалады», - делінген облыстық әкімдік әкімдіктің сайтында.
Кеңес мүшелері берілген өтінімдермен келіспейтіндерін білдіріп, жолаушылар жолдаған шағымдар бойынша қызмет көрсету сапасы, жүргізушілердің тәртібі жайлы кемшіліктерді айтты. Автопарктерге көрсетілген өтінімдерді қайта түзеу туралы кеңес берілді, ал комиссияға аталған мәселені қарауда заңнамада көрсетілген барлық рәсімді сақтау тапсырылды.