Ақтөбеде 1 сыныпқа 19 мыңнан астам бала қабылданады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 2025-2026 оқу жылдарында 19 270 бала 1 сыныпқа қабылданады. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, қазіргі кезде 15 170 баланың құжаты қабылданды.

Ақтөбеде 1 сыныпқа құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Қазіргі кезде оқулықтарды сатып алу жұмысы қатар жүріп жатыр.
– Биыл 4, 7, 8, 10 және 11-сыныптарға жаңартылған мазмұндағы оқулықтар енгізілді. Оны сатып алуға бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 13 баспамен арада 135 келісімшарт жасалды. Оқулықтар 25 тамызға дейін жеткізіледі. Сонымен бірге мектептерді жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінді. Былтырғыға қарағанда биыл пәндік кабинеттермен жабдықтау деңгейі 71%-дан 80%-ға өсті. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 9 колледжге 898 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. ERG компаниясы Хромтау ауданындағы мектепті жабдықтауға 200 млн теңге бөлді, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін кейінгі екі жылда бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. 152 мектепке «Алақан» жүйесі орнатылып, ол «Әлеуметтік әмиян» платформасымен біріктірілді. Сондай-ақ білім беру нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, мектептерді қысқы жылыту маусымына дайындау үшін 807 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Оған қатты және сұйық отын сатып алынады.
Сонымен бірге 58 қазандықты ауыстырып, 68-іне қосымша жабдық алуға 220 млн теңге қажет. Облыстық білім басқармасы бюджеттік өтінім берді.
Еске сала кетейік, жаңа оқу жылында Ақтөбеде 6 мектеп ашылады.