Ақтөбеде 14-22 наурыз аралығында 1000-ға жуық іс-шара ұйымдастырылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Наурыз мерекесі Ақтөбеде 14-наурыз күні басталады. Көрісу күнінен бастап Ұлыстың ұлы күніне дейін тақырыптық шаралар өткізіледі.
Ақтөбе облысында 14-наурызда Көрісу күні өтеді. Бұл күні барлық мекеме қызметкері ұлттық киім киіп, Наурыз мерекесін тойлауды бастайды. Қалалық мәдениет үйі, Сазды мәдениет үйі, Облыстық халық шығармашылығы орталығы, Облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Алақай» қуыршақ театры алаңында киіз үйлер тігіліп, халыққа ыстық бауырсақ, айран, қымыз, шұбат сатылымға шығарылады.
Ал, 15-наурыз – Шаңырақ күні. Аналар кеңесі кездесу өткізіп, келіндер байқауы ұйымдастырылады. 16-наурыз – Шежіре күнінде «Ер Едіге» жыр мектебінің концерті ұйымдастырылады. 17-наурыздағы Ұлттық спорт күні қаладағы спорт мектептерінің алаңында ұлттық спорт түрлерінен, яғни, жаппай көкпар, аударыспақ, арқан тарту, асық ату, садақ ату, жамбы ату, күрес, гір көтер, бәйге, теңге ілу, тоғызқұмалақ сынды ойын түрлерінен жарыс өткізіледі.
- 18-наурыз Бұлақтың көзін ашу күні деп белгіленді. Ақтөбе қаласы маңындағы және аудандардағы бұлақ көзін ашу жоспарланып отыр. Ал 19-наурызды Шаттық күні деп атап, білім беру ұйымдарында жастар кешін өткіземіз. «Наурыз кәдесі», «Наурыз қоржын» сыйлықтарын тарту етіп, әзіл-сықақ ойындарын ұйымдастырамыз. 20-наурыз – Ынтымақ күні. Қоғамдық келісім мен қазақстандық рухани бірлікті нығайту және отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу мақсатында өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен іс-шаралар өткізіледі. 21 наурыз – Тарту күні. Қала тұрғындарына, әсіресе, далада қызмет ететін жұмысшыларға ыстық бауырсақ, Наурыз көже тартылады. 22-наурызда негізгі іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» алаңында өтеді. Онда «Наурызнама» театрландырылған концерттік бағдарламасы, шеберлер мен қолөнершілердің жәрмеңкесі, ұлттық спорт түрлерінен алуан түрлі жарыстар өтеді. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, кәсіп бастаған ақтөбеліктер өз өнімін ұсынады, - деді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.
Айта кетейік, Президент саябағында 5 киіз үй тігіледі. Біреуінде көрме жасақталып, қалған 4 киіз үйде қала тұрғындары мен қонақтарға арналған сауда орындары болады. Жалпы Ақтөбе қаласында 20-дан астам орында Наурыз мерекесіне орай концерттік шара ұйымдастырылады.