Ақтөбеде 17 жастағы бозбаланы ит қауып алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында 17 жастағы бозбаланы ит қапты. Қазіргі кезде иттен патологиялық материал алынды.

Ақтөбеде 17 жастағы бозбаланы ит қауып алды
Фото: видеодан алынды

Оқиға 15 желтоқсаннан 16-на қараған түні болды. Ағалы-інілі ақтөбелік итті серуендетуге шығады. Сол кезде оларға өзге ит қарсы жүгіріп, шабуыл жасаған. Өз итін арашалап қалмақ болған ақтөбеліктің бірі қашып құтылса, екіншісі көлік ішіне кіреді.

- Учаскелік полиция қызметкері Ақтөбе қаласының ветеринариялық станциясына хабар берді. Хабарламада алабай тұқымдас иттің 2004 және 2007 жылы туған екі азаматқа шабуыл жасағаны туралы айтылған. Ұстау қызметі дереу оқиға орнына барып, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес бұралқы итті жансыздандырды. Бүгінгі таңда патологиялық материал алынды. Құтырма ауруы бар немесе жоқ екені анықталады. Қазіргі кезеңде бұл аудан Ақтөбе қаласының мемлекеттік ветеринариялық станциясының аулау қызметінің бақылауына алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.

Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен ақтөбелік емханадан амбулаторлық ем алып жүр. 17 жастағы бозбаланың қолы жараланған. Ол құтырма ауруына қарсы вакцина қабылдады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин қаңғыбас иттердің тағдырына қатысты бірнеше ұсыныс барын айтты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум