Ақтөбеде 58 ата-анаға айыппұл салынды

Ақтөбе облыстық ПД
Фото: Ақтөбе облыстық ПД

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде бірінші жартыжылдықта мопед, скутер, мотоциклдің қатысуымен 100-ден астам жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан бір адам қаза тапқан. Ал айыппұл тұрағына барлығы 300-ден астам екі дөңгелекті көлік жеткізілген.

Ақтөбе облысында қазір полиция қызметкерлері мопед, скутер, мотоцикл секілді екі дөңгелекті көлік иелеріне түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Себебі жыл басынан бері мотокөліктердің қатысуымен 134 көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 16 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды. Арасында кәмелетке толмаған 3 бала бар.

«16 жасқа толмаған балалардың мопед айдап жүргені анықталса, көлікті айып тұрағына әкелеміз. Кейін ата-анасына хабарласамыз. Әр адам әртүрлі. Оны түсінетіндер де, керісінше қарсы шығатындар да бар. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау» бабы бойынша айып тағылады. Биыл 58 ата-анаға айыппұл салынды», - деді Ақтөбе қалалық ПБ бастығы Әсет Қалиев. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сүйенсек, баласының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген ата-анаға 10, 15, 20 АЕК көлімінде айыппұл қарастырылған.

Айта кетейік, жыл басынан бері айып тұрағына 324 мотокөлік жеткізілді. Қазіргі күні 58 екі дөңгелекті көлік сол күйі иесіне берілмеді. Көбі кәмелет жасқа толмағандар айдаған скутер, мопед. 

Ақтөбе облыстық ПД
Фото: Ақтөбе облыстық ПД

«Жасым 17-де. Мен мопед айдап жүріп, адам қағып кеттім. Мас күйінде жүрген адам жолға шығып кетті. Бүгін келіп, айыппұлын төлеп, алып кетеміз. Енді мұндай көлік айдамаймын», - деді ақтөбелік Арыстан.

Қазіргі кезде облыс орталығының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шара кезінде скутер, мопед айдап жүрген жасөспірімдерге басымдық беріледі. Полиция ақтөбелік ересектерге балаларына арнап мопед сатып алып бермеуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum