Ақтөбеде 6 жылдан бері мәйіттік донор отасы тоқтап тұр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қазір өңірде 300-ден астам адам бүйрек, бауыр ауыстыруды қажет етеді. Алайда 6 жылдан бері мәйіттік донор отасы тоқтап тұр.

Ақтөбеде 6 жылдан бері мәйіттік донор отасы тоқтап тұр
Фото: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Ақтөбеге ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы басшысының орынбасары Назгүл Жылгелдина келіп, дәрігерлерге мәйіттік донорды қайта жандандыру жайын айтты. Ақтөбе облысы бойынша 6 жыл бойы ешкім мәйіттік донор болмаған.

- Елімізде жүрек, бауыр, өкпе, өкпе мен жүрек, сонымен бірге көзге донор трансплантациясы жасалады. Ақтөбе облысында соңғы 6 жылда мәйіттік донор болмады. Адамдар арасында қорқыныш бар. Сонымен бірге 2017-2018 жылдары «тума-туысының рұқсатынсыз алды» деп айтылды. Бірақ ол расталмады. Ол жерде дәрігерлер заң бұзбады. Сол кездері «қарсымын» деп алдын ала жазбаса, азғасын алуға болатын еді. 2020 жылы Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қазір Қазақстанда «келісім береді», «келісім бермейді» деген екі нұсқа да қаралады. Кімдер донор бола алады? Тек миы өлген адамдар. Егер миы қалыпты жұмыс істеп тұрса, ешкім де оның ағзасын ала алмайды. Бұл инсульт алған кез, сосын бас-ми жарақаты кезі.Мидың жансыз күйге түскенін бір ғана маман айтпайды. Ол үшін консилиум болады. Оның құрамына медициналық ұйымның басшысы, реаниматолог, невропатолог, емдеуші дәрігер кіреді. Мидың өлгенін растау үшін 24 сағат бойы тест жасалады. Сол ғана растайды. Адамдар соны түсінуі керек. Біз осындай диагноз қойылса, адамдарға шығып сөйлесеміз. Көбіне туыстары бірден бас тартады. Адам жақынынан айырылғысы келмейтінін түсінеміз. Сондықтан біз үйлестірушіні дайындап, оқытамыз. Сол адамдармен сөйлеседі, ақылдасады, - деді ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы басшысының орынбасары Назгүл Жылгелдина.

Оның айтуынша, еліміздің солтүстік аймағында келісім беретіндер бар. Қалған өңірде туыстарымен бір келісімге келу әлі де қиын. 

- Мидың жансыздануы адамның өлгенімен тең. Ал жүрек пен өкпе тек аппарат арқылы жұмыс істейді. Аппараттан ажыратқан бойда бәрі тоқтайды. Кейде туған-туыстары келісім беріп, ағзасын алуға санавиация жіберіледі. Соған жетпей-ақ адам үзіліп кетеді. Ондай да жағдай болды. Ми өліп, туған-туыстары келісім берсе, біз бригада шақырамыз, санавиация келуі керек. Оның бәрі уақыт. Жүрек пен бауырды 5-6 сағат, бүйректі 12 сағат қана сақтай аламыз. Сол уақытта ағза жеткізілуі тиіс. Өңірлер арасындағы қашықтық да үлкен рөл атқарады. Ал туыстық донор амалы жоқ адамның қадамы. Екі адамның да өміріне қауіпті, - деді Назгүл Жылгелдина.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 300-ден астам адамға донор қажет. Оның 326-ы бүйрек, 20-ы бауыр, 5-і жүрек ағзасына мұқтаж. Былтыр донор бола алатын 200-ден астам адам, биыл 117 адам көз жұмғанымен, туған-туыстары келісім бермеген. Еліміз бойынша 4 мыңнан астам адам тізімде тұр. Олардың 300-ге жуығы түрлі себеппен өмірден өтіп кетті. 

Еске салсақ, 2017 жылы Ақтөбеде 22 жастағы Серікболсын Көшербайдың қос бүйрегін ата-аналарының, туған-туыстарының рұқсатынсыз алды деген айыппен дәрігерлер сотқа шақырылды. 

Соңғы жаңалықтар