Ақтөбеде 9 жасар қыз ойын-сауық кешенінде қолынан айырыла жаздады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оқушының қолы мен саусақ еті ғана емес, сіңірі де кесілген. Оқушы 5 күн ауруханада жатты. Полиция аталған оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр. 

Ақтөбеде 9 жасар қыз ойын-сауық кешенінде қолынан айырыла жаздады
Коллаж: Kazinform

Өзін Ару деп таныстырған ақтөбелік осыдан 2 ай бұрын болған оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Оның хабарлауынша, 9 жастағы қызы балаларға арналған ойын-сауық орталығында ойнап жүріп, жараланады. Көтергіш құрылғының ішінде қалған қолынан литр қан кетіп, ата-анасы қызын дереу ауруханаға жеткізген. 

– Науқас көпсалалы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне өз бетінше келді. Шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін (сіңірді тігу) травматология бөліміне жатқызылды. 5 тәуліктен кейін амбулаторлық емін жалғастыру үшін ауруханадан шығарылды. Ауруханадан шыққан кезде саусақтары қимылдап, аздап бүгіліп тұрды. Қан жүріп тұр. Маусым айында «Дару» клиникасында оңалту емін алды, - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Осы оқиғадан соң полиция Қылмыстық кодекстің «Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабы бойынша сот алды тергеуді бастады. Талдау жүргізілгеннен кейін ғана процестік шешім қабылданады.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 306 бабы 1 бөлігі бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылады. Заң бойынша 160 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Тіпті 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуынуы мүмкін. 

Бұған дейін балалар үшін құрылысы бітпеген нысан, қирап қалған ғимаратпен қатар қазір құдықтар да қауіпті болып тұрғаны туралы жазылды. 

Соңғы жаңалықтар