Ақтөбеде адамдарды алдаған емші тергеу аяқталғанша қамауда отырады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында емшіге қатысты Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сот 2 ай қамауда ұстау туралы санкция берді.
Ақтөбеде «Алаяқтық» бабының аса ірі көлемде шығын келтіру бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу соты күдіктіні 2 айға қамауға санкция берді.
- Ақтөбе облысының полиция департаменті аса ірі көлемде алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Іс бойынша бүгінгі күні отызға жуық жәбірленуші бар. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Ақтөбе қаласында дәстүрлі емес медицинамен айналысқан әйел емделуге келушілерін алдап, оларға несие рәсімдеткен, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, адамдар 1 млн теңгеден 18 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп, оны емшіге берген. Әзірге шығын 100 млн теңге деп есептелді.