Ақтөбеде Әкелер күніне арналған мерекелік шараға жүздеген адам қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбеде Әкелер күніне орай «Менің әкем» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинады.
Іс-шара қаланың орталық демалыс орындарының бірі – «Астана» саябағында өтті. Оның мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін дәріптеу, әке мәртебесін көтеру және отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Мерекелік бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген өнегелі әкелерге құрмет көрсетілді.
Шара барысында тұрғындарға арналған түрлі танымдық және ойын-сауық алаңдары жұмыс істеді. Қонақтар кітап көрмесін тамашалап, ұлттық және спорттық ойындарға қатысты.
«Дәстүр» брендінің ағаш пен былғарыдан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі де көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Балалар үшін арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы фотоаймақтар безендірілді. Ал «Әке мұрасы» алаңында қолөнердің әртүрлі түрлері бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Келушілер ерекше қызығушылық танытқан алаңдардың бірі – «Қаһарман әкелер мамандықтары» көрмесі болды. Онда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, құтқарушылардың, өрт сөндірушілер мен кинологтардың қызметі таныстырылды.
Сондай-ақ «Әкеммен сурет» арт-аймағында суретшілер әкелерімен бірге келген қатысушылардың портреттерін салып, естелік сыйлықтар тарту етті.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.