15:00, 14 Мамыр 2019 | GMT +5
Ақтөбеде Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілі мемқызметшілермен кездесті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілі алғашқы насихат шарасын Ақтөбе облыстық статистика департаменті ұжымымен кездесуден бастады. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитеті тарапынан тағайындалған сенімді өкіл елдегі саяси науқанның маңыздылығына тоқталып, департамент қызметкерлеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған кандидат Аманкелді Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Кәсіподақ мүшелеріне үміткер тұғырнамасында көтерілген қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, жұмысшылардың еңбек құқығын қамтамасыз ету, жосықсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру сынды басты мәселелер түсіндірілді. Сенімді өкіл департамент қызметкерлерінің сауалдарына жауап берді.