Ақтөбеде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қандай жәрдемақы төленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қалалық және аудандық мәслихаттар шешімімен облыста 4 336 адамға әлеуметтік төлем қарастырылған, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Ақтөбе облысында Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар соғыс жылдарында кемінде 6 ай еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек бөлінді.
— Қалалық және аудандық мәслихаттардың шешімімен облыста 4 336 адамға жалпы сомасы 1 076,8 млн теңге төлем қарастырылған. Атап айтқанда, тыл еңбеккерлері 153 348 теңгеден алады. Облыстағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Хромтау ауданында тұратын Василий Иванович Грецкийге 5 млн теңге төленеді, — делінген хабарламада.
1 724 адамға 353 880 теңге көлеміндегі біржолғы жәрдемақы қарастырылған. Олар — соғысқа қатысқандар мен мүгедектер, сонымен қатар, соғыс жылдарында жарақат алып қайтыс болған, контузияға немесе ауруға ұшыраған әскерилердің отбасылары. Сондай-ақ, 991 адамға, олардың ішінде соғыс кезінде алған жарақат салдарынан мүгедек болғандардың жесірлеріне және 2 019 тыл еңбеккерлеріне 153 348 теңгеден төлеу қарастырылған.
Еске салсақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа ел өңірлерінен соғыс ардагерлері қатысты.