Ақтөбеде әскерилер дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында 5 мың гектардан астам жерге зарарсыздандыру жұмысы жүргізіледі. Қазіргі кезде өңірге 16 әскери техника жеткізілді.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданындағы Мағаджан және Садовый тұрғын алаптары мен 6 бау-бақша ұжымы аумағына кеше дезинфекция жүргізілді. Бүгін бұл жұмыс бірнеше бау-бақша ұжымында жалғасты. Міндет – су басқан аумақтарды зарарсыздандыру. Жұмыс 10 күнге жоспарланған. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Қорғаныс министрлігі көмек ретінде зарарсыздандыру жұмысын ақысыз жүргізіп жатыр. Барлығы 50 әскери қызметші келді. Олардың 16 арнайы техникасы бар. Су басқан бау-бақша ұжымдарының, тұрғын алаптарының аумағына дезинфекция жұмысын жүргізіп береді. Олар 107 аумақтағы 5 мың гектардан астам аумақты қамтиды», - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тілеуов.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қаладағы зарарсыздандыру жұмыстары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелерінің қызметкерлеріне жүктелген. Олар дезистрол ерітіндісін қолданып жатыр. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Облыста жұқпалы аурулардың таралып кетпеуі үшін алдын алу шарасы жүріп жатыр. Ол үшін эпидемиологиялық маңызы бар обьектілер таңдалды. Зират маңымен қатар жеке тұрғын үй ауласындағы кәзір суы жиналатын құдық аумағын зарарсыздандыру маңызды. Су көтерілген кезде кәріз су шайылып кетті. Бұл өз кезегінде ішек ауруын тудыруы мүмкін. Сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы сумен жабдықтау жүйесі бақылауда тұр. Су тасқыны кезінде су көздеріне еш зақым келмеді. Әлі де мониторинг жүргізіліп жатыр», - деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Назима Сербаева.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Айта өтейік, әр техникада 6 тонна арнайы сұйықтық бар. Қалаға жеткізілген 16 техника бірнеше аумаққа бөлінді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар