Ақтөбеде ата-анасыз тұрып келген 6 балаға еріктілер үй тұрғызып жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде құрылысы бітпеген саяжайлардың бірінде ата-анасыз тұрып келген алты балаға ерікті азаматтар асар ұйымдастырды.
Бұл туралы "ҚазАқпарат" тілшісіне еріктілердің бірі Альбина Баянғали мәлім етті.
Еріктілер қазіргі уақытта Шыныбековтер жанұясының бітпеген үйін жөндеуге кіріскен. Осы аралықта оларға 300-ге тарта ерікті көмек көрсетіп үлгерді.
"Үш тәулік бойы біз мүмкіндігінше балалармен бірге болдық. Біз ең үлкен қызының атынан банк реквизиттерін аштық, ол 18-ге толды, барлық реквизиттер жалған емес, банк есепшоты оның атынан ашылғаны рас. Бұл қаражат балалардың ары қарай өмір сүруіне қажет болады деген ниетпен осы есепшотты аштық", - дейді А. Баянғали.
Оның айтуынша, Ақтөбе және аймақ әкімдігі де аталмыш жеткіншектерге көмек қолын аянбай қосып келеді.
"Қала әкімінің орынбасары келді, облыстан құзырлы органдар келді. Жергілікті органмен біз тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Олар үлкен қыздарының колледждегі оқу ақысымен мәселені шешіп берді. Ол соңғы курста оқиды және ол оны тегін оқымақ. Екі бала балабақшаға орналастырылды. Үйге газ тарту бойынша құжаттармен қарапайым адамдар айналысып жатыр", - дейді еріктілер штабының жетекшілерінің бірі.
Оның сөзінше, үй құрылысы аяқталғанша, балалар уақытша жалдамалы үйге жайғастырылған. Олар тамақпен және киіммен толық қамтылды.
"Пәтерді бір айға, құрылыс біткенше жалдадық. Үйді жөндеу жұмыстарын қарапайым азаматтар жасап жатыр. Құрылыс материалдарын сататын жергілікті дүкен құрылыс материалдарымен қамтуда. Үш тәулікте көмек қолын созған азаматтар өте көп болды. Шамамен 300-ге тарта адам келді, бірі азық-түлікпен, бірі етпен қамтуға тырысты", - деп атап өтті А. Баянғали.