Ақтөбеде аудан әкімдігі екі шаруаға бір жер беріп, басы дауға қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Байғанин ауданының әкімдігі 2007 жылы «Арна» шаруа қожалығының 25 сотық жерін жекешелендіруге рұқсат берді. 2017 жылы «Бекет» шаруа қожалығы дәл сол шаруашылық орналасқан жерді қоса есептегенде 187 гектар аумақты жалға алады. Сотта екі тарап та өз құқығын қорғады.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақмола қыстағындағы 25 сотық жер «Арна» шаруа қожалығының иелігінде. Мұндағы үйдің ғана техникалық төлқұжаты бар. Алайда мал қораның құжаты рәсімделмеген, әрі жер арнайы картаға енгізілмеген. Арада 10 жыл өткенде Байғанин ауданы жер қатынастары бөлімі бұл аумақтағы 187 га жерді «Бекет» ШҚ-на 49 жылға жалға береді. Екі тарап қатар тұрып жұмыс жүргізгенімен, мал-мүлік дауынан соң аражігі ажырап, «Бекет» ШҚ-ы «Арна» ШҚ басшысын сотқа береді. Сот «Бекет» шаруа қожалығының талап арызын қанағаттандырып, қораны бұзу туралы шешім шықты. Сол кезде «Арна» ШҚ апелляциялық шағым түсіріп, жеңілді. Әрі күзде 600 бас қой, ірі қара мал тұратын қораны бұзу туралы шешімді 3 айға кейінгі шегеруді сұрады. Қыстың ортасында дау ушыға түсіп, іске сот орындаушылары араласа бастады.

— Байғанин ауданы әкімдігі 2017 жылы біз иелік етіп отырған жерді, оның айналасын, яғни, 187 га жерді «Бекет» ШҚ береді. 2019 жылы техникалық түгендеу бюросынан мамандар келіп, қазығын қақты. Дәл сол кезде біз өзіміздің иеліктегі жерді айтып, ескерттік. Алайда біздің жеріміз, үй мен қораның бәрі «Бекет» ШҚ иелігіне жазылып кетеді. Бір жерге екі адам иелік етіп, қиындық басталды. Оны тек сот тәртібімен реттеу керек екен. Қолда құжат болған соң мән бермей жүре бердік. Екі арада келіспеушілік туындап, полицияға арыз түсіріп, шиеленісе берді. Жер дауы, мал дауынан кейін «Бекет» шаруа қожалығының басшысы 2024 жылы қораны бұзып алсын деп сотқа арыз түсірді. 2024 жылы сот «Бекет» ШҚ шағымын қанағаттандырды. Кейін мен апелляциялық шағым беріп, ұтылдым. Жаңа қорғаушы жалдаған соң жерді қайтаруға шағым түсірдім. 2025 жылы әкімшілік сотта іс қаралды. Ол кезде Байғанин ауданы әкімдігін сотқа бердік. Аудан әкімдігі қателікті мойындап жердің жекеменшік екенін, ал «Бекет» ШҚ-ы 49 жылға жалға алғанын мойындады. Сот арызды қанағаттандырды, Байғанин ауданы әкімдігі қаулысының күшін жою туралы шешім шығарды. Қазіргі кезде шаруа қожалығы апелляциялық шағым түсіріп отыр, — деді шаруа Құдайберген Орынбасаров.
Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, жауапкер Байғанин ауданы әкімдігі жерді қайтару туралы арызды қанағаттандыруды сұраған. Ал Байғанин ауданы жер қатынастары бөлімі мен Қопа ауылдық округінің аппараты шешімді соттың өзіне қалдырған. Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты арызды қанағаттандырып, 25 сотық жерге қатысты қаулының күшін жою жөнінде шешім шығарды. Алайда екінші тарап апелляциялық шағым түсіріп отыр.
— «Бекет» ШҚ басшысы қораны бұзу туралы өзге сот шешімін орындауды талап етіп отыр. Енді мәжбүрлі орындатуы мүмкін. Ал біз қыстың ортасында малды қайда апарамыз? Бізге екі ай керек. Ең болмағанда наурызға дейін жетсек те болады. «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 18,3 млн теңге несие алып, қой шаруашылығын дамытып отырмын. Қыста 600 бас қойды, түйе мен сиырды айдап кете алмаймын. Былтыр конкурс арқылы өзге жер алдым. Алайда конкурс қорытындысы 2025 жылдың 30-желтоқсанында шықты. Мен алған жерге қора салып үлгермедім. Әкімдіктің жіберген қателігі бұл. Бір кәсіпкердің мүддесі үшін екінші кәсіпкер құқығының бұзылуы дұрыс емес, — деді Құдайберген Орынбасаров.
Айта кетейік, Ақтөбеде биыл 164 мың гектар жер телімі қайта айналымға шығарылады. Жоспар маусым айына дейін орындалуы тиіс. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы мақсатындағы 80 мың гектар жер учаскесі қайтарылады.