Ақтөбеде аурухананың оттегі қоймасы жанып, жұмысшы көз жұмды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаменті тексеру жүргізеді. Қазіргі кезде комиссия құрылды.
№ 1 Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасының оттегі қоймасында жазатайым оқиға болды. Қойма жанып, жұмысшыны күйік шалды. Жұмысшы ауруханада ем қабылдағанымен, көп ұзамай көз жұмды.
— Оқиға 14 қарашада болды. Еңбек инспекциясына хабарлама бір күннен соң түсті. Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысына сүйенсек, зардап шеккен адамның жарақаты ауыр болған. № 1 Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасы басшылығы, еңбек қауіпсіздігі мамандарымен сөйлесіп, жұмысшының ауруханада қайтыс болғанын білдік. Әрі қарай арнайы тергеп-тексеру жұмыстарына қатысу үшін ауруханадан хат түсті. Еңбек кодексіне сәйкес 20 қарашада арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылды. Сот сараптама орталығына сұраныс берілді. Ақтөбе облыстық ТЖД-і де қорытынды береді, — деді Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы департаментінің еңбек инспекторы Еркебұлан Омар.
Айта кетейік, комиссия құрамында еңбек инспекторы, жұмыс беруші және кәсіподақ өкілі болады. Тексеру кезінде жұмысшының қызмет бабында жарақат алып, көз жұмғаны белгілі болса, 3 күн ішінде жазатайым оқиға туралы акт беріледі. Акт қаза тапқан адамның отбасына табысталады. Еңбек инспекторлары Азаматтық кодекстің 935 және 937-баптарына, Еңбек кодексіне сүйенеді.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі бұл оқиға туралы қандай да бір ақпарат таратпады.
Ақтөбе облысы бойынша 10 айдың ішінде 56 жазатайым оқиға болды. Онда 57 адам зардап шекті. Жазатайым оқиғаның 13-і Дөң кен-байыту комбинатында тіркелді. Жалпы облыс бойынша жазатайым оқиға кезінде 3 адам көз жұмды.
Еске салайық, қазан айында Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында жұмысшысы қаза тапты.