Ақтөбеде «Ауыл аманатына» қатысушылар өндірген өнім сатылатын алғашқы павильон ашылды

None
Фото: Ақтөбе облысы әкісдігінің баспасөз қызметі
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округі кәсіпкерлерінің бастамасымен ашылған сауда нүктесіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Харакет А» ӘКК басшысы Нұрсұлтан Бекбауов павильонның ашылуына жоба қатысушылары қаражат бөлгенін, барлығы 4,5 млн теңге жұмсалғанын айтты.

Мұнда округтің елді мекендерінен «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы 6 жеке қосалқы шаруашылықтың өнімі ұсынылған. Ақтөбеліктер қолжетімді бағамен жаңа және сапалы сүт өнімдерін, шоколадпен қапталған құлпынай, тары, жент, ірімшік, кұрт және тағы да басқа өнімдерді сатып ала алады.


Айта кетейік, Мәртөк ауданы – «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда көшбасшы елді мекен. Аудан тұрғындарынан жобаға қатысу үшін 864 млн теңгеге 167 жоба қабылданған, 91 жоба іске асырылып жатыр. Жобаның арқасында Тәңірберген ауыл округі белсенділік танытып келеді, мұнда жұмыссыздық жойылды.


«112,2 млн теңгеге 25 жоба мақұлданды. 10 отбасы құс шаруашылығымен, 7 жеке қосалқы шаруашылық – өсімдік шаруашылығымен, 8-і шағын бизнес ашумен айналысуда. «Ақтөбе» ӘКК-де тағы 5 жоба қаралып жатыр. Біз оларға облыс орталығынан сауда нүктесін ашып, өнімді сатуға жәрдем көрсетуге уәде бердік. Ауыл тұрғындары өндірісті жолға қойды, ал біз тікелей өткізу нарығын ұйымдастырдық», - деді өңір басшысына ауыл округінің әкімі Медет Бекжанов.


«Жұмыссыздардың болмауы – ең басты нәтиже. Жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және ауылдарымызды дамытуға бағытталған. Басқа ауылдық округтер де жобаға белсенді қатысуы тиіс», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Жалпы, өңір бойынша 6,5 млрд теңгеге «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға 1337 өтінім берілді, 1006 жоба мақұлданды, 2,1 млрд теңгеге 485 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру бойынша Мәртөк, Қарғалы және Хромтау аудандары – көшбасшы.


Соңғы жаңалықтар