Ақтөбеде бақилық болған қожалық басшысының атына субсидия рәсімделген
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында шаруа қожалығының басшысы қайтыс болғанымен, оның туыстары ЭЦҚ пайдаланып, судсидия алған. Қазіргі кезде тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті түскен шағымды тексеріп, заңсыздықты анықтады.
- Оқиға 2022 жылы болған. Шаруа қожалығының басшысы 2022 жылдың 14-қарашасында көз жұмған. Ал жем-шөп шығындарын арзандатуға субсидия бөлуге өтініш 2022 жылдың 23-желтоқсаны күні онлайн беріліп, мақұлданған. Сөйтіп шаруа қожалығының шотына 3 млн 710 мың теңге аударылды. Жеке тұлғадан шағым түсіп, тексеру кезінде бәрі анықталды. Тексеру биыл 4-22 желтоқсан аралығында болды. Заң талаптарына сәйкес шығынды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Егер қалпына келтірілмесе, тиісті процессуалдық шешім қабылдауға жіберіледі, - деді Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов.
Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай тіркелген деректі растады.
- Ондай жағдай болған. Өкінішке қарай біздің жүйеде олардың қайтыс болғаны, болмағаны туралы дерек тіркеулі тұрмайды. Бұл оқиға 2022 жылы болған екен. Қайтыс болған кісінің атынан сұраныс берген, - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.