Ақтөбеде байқаушылар мен сенімді өкілдерден шағым түспеді - Нұрлыбек Жүсіпов

Ақтөбенің Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында аудан әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Қазіргі кезде байқаушылар мен сенімді өкілдерден ешқандай шағым түспеді, деп хабарлайды Kazinform. 

Сайлау
Фото: Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы

«Үш ауданда сайлау өтіп жатыр. Бұл тарихи оқиға. Барлығы 79 сайлау учаскесінде 28 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Қазіргі уақытта тұрғындардың белсенділігі жақсы. Жалпы үш ауданда 9 кандидат тіркелген. Олардың үшеуі партия, өзгесі өзін-өзін ұсынған. Кандидаттардың ең жасы – 38, ал үлкені 61 жаста. Орташа жасы – 48 жас, - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Ақтөбе
Фото: Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясы

Оның айтуынша, сайлаушылар сайлау учаскесі, мекенжайы туралы алдын ала біліп отыр. Тіпті ұялы байланыс операторлары арқалы смс хабарлама да алған. 

«Байқаушылар кешке дейін тіркеле береді. Аккредиттелген ұйымдар, саяси партияның байқаушылары мен сенімді өкілдер барлық ауданда бар. Қазіргі уақытқа дейін қандай да бір шағым түспеді. Сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатыр», - деді Нұрлыбек Жүсіпов. 

Еске салсақ, Ақтөбенің үш ауданында үш-үштен кандидат бар. Сайлау өткізуге бюджеттен барлығы 136 млн теңге бөлінді.