Ақтөбеде бойжеткеннің 2,5 млн теңгесін ұрлаған күдікті Оралдан ұсталды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Ақтөбеде ірі сомада ақша ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында Ақтөбе облыстық полиция департаменті Instagram парақшасында мәлімет таратты.
15 желтоқсан сағат 15.55 шамасында 102 желісіне хабар түсті. 24 жастағы жәбірленушінің айтуынша, 101 атқыштар бригадасы көшесіндегі кафеде белгісіз біреу үстел үстінде жатқан рюкзактағы қомақты ақшаны ұрлап кеткен.
Келген патруль полициясына бойжеткен рюкзакта 4.100 АҚШ доллары және 824 мың теңге сомасында ақша болғанын хабарлады.
Жалпы шығын - 2,5 млн теңге.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қылмыс жасалғаннан кейін Батыс Қазақстанның Орал қаласына кетіп қалған.
Көрші облысқа аттанған жедел уәкілдер Орал қаласының 32 жастағы тұрғынын ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-баптың 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Күдікті Ақтөбе қаласының уақытша изоляторына қамауға алынды.