Ақтөбеде Чернобыль апатын жоюшыларға ескерткіш ашылды
ТӨБЕ. 30 тамыз. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбеде Мир даңғылындағы гүлзарда Чернобыль АЭС-ындағы апатты жоюға қатысқан ақбөеліктерге ескерткіш ашылды.
Тұғыр үстінде атомды қолына ұстап тұрған адамның алақаны бейнеленген. Ескерткіштің биіктігі 2,4 метр. Сөйтіп, қазақстандық жас мүсінші, Ақтөбе қаласындағы Әйтеке би ескерткішінің авторы Жеңіс Жұбанқосов атом стансасындағы апат салдарын жою үшін күрескен ақтөбеліктердің, сол сияқты барлық адамдардың үлесін бейнелеген.
АЭС-тегі апатты жоюға мыңдаған адам қатысты, олардың көбі қайтыс болды немесе мүгедек болып, денсаулығынан айрылды.
«Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сәтовтің айтуынша, бүгінде аймақта Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқан 278 адам тұрады, олардың 218-і мүгедектікке ұшыраған. Облыстық мәслихаттың шешімімен 2007 жылдан бастап ақтөбелік чернобыльдықтар барлық коммуналдық төлемдерден босатылған, олар қоғамдық көлікте тегін жүреді, жыл сайын республикалық медициналық орталықтарда емделеді.