Ақтөбеде ерекше балалардың қауіпсіздігі үшін 1 400 GPS-трекер сатып алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Трекер аутизм диагнозы бар балаларға арналған.  Сатып алуға бюджеттен 30 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Ақтөбеде ерекше балалардың қауіпсіздігі үшін 1 400 GPS-трекер сатып алынды
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мекемесі аутизм диагнозы бар барлық балаға трекер сатып алды. Бұл құрылғыны баланың мойнына тағуға немесе киіміне қадап беруге болады. Ата-анасы алдын ала бала жүруі тиіс аймақты белгілеп, бағдарламаға енгізеді. Бала сол аймақтын шығып кетсе дабыл жүйесі іске қосылады. Бала да түймені басып, ата-анасына хабар береді.

— Құрылғы баланың қай жерде жүргенін бақылауға, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. GPS-трекерлерде SOS батырмасы бар. Геоаймақты көруге болады, қайда болғанын архивтен қарайды. Сонымен қатар құрылғы жеңіл, балаға ыңғайлы және батареясы ұзақ уақытқа жетеді. Олар баланың балабақшаға, мектепке барар жолын қарап, серуендегенде және сапарда бақылауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Былтыр Ақтөбеде ерекше бала үйінен шығып кетіп, оны 500-ге жуық адам іздеді. ТЖМ-нің тікұшағы әуеден бақылау жасап, Кәрім Жетірудің денесі төрт күннен соң табылды.

Соңғы жаңалықтар