Ақтөбеде ерекше баланың сурет көрмесі өтіп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Туа бітті сал ауруына шалдыққан Искандер Сағынайдың туындылары Өнер музейіндегі көрмеге қойылды. Мұнда бозбаланың 30-ға жуық жұмысы бар.

Өнер музейіндегі «Үнсіз дауыс» көрмесі – 17 жастағы Искандер Сағынайдың алғашқы қадамы. Мұнда ол қазақтың кең даласы мен қала өмірін шебер бейнелеген туындыларын іріктеп әкелді.


Әлеммен үнсіз тілдескен ол 12 жасында 3 ай сурет мектебінен дәріс алса, кейін үйінде отырып шеберлігін шыңдады. Себебі Искандер Сағынайдың есту қабілеті нашар. Ата-анасы дер кезінде бағыттап, тіпті үй ішінен арнайы бөлмесін жасақтап берген.



– Балам осыдан 5-6 жыл бұрын сурет сала бастады. Біз әкесі екеуміз қолдап, қамқорлық танытып отырамыз. Сөйтіп жеке шығармашылық көрмесі өтті. Бұл күнге ұзақ дайындалдық. Әр суреттің артында үлкен еңбек, кіршіксіз сезім, шексіз қиялдау жатыр. Әрбір туынды оның ішкі сырын білдіреді. Балам болашақта кім боларын өзі шешеді. Бірақ қазір ол тігінші мамандығын оқып жүр. Алдағы уақытта жақсы дизайнер болуы мүмкін, - деді анасы Жанна Әлжанова.


Искандер Сағынайдың әкесі Нұрбек Сағынайдың айтуынша, алғашында бала сурет салуға өзі қызыққан. Кейін оның ынтасын анасы көріп, арнайы дәріс алу керек деп шешті.
– Қазір әуесқой суретшіден кәсіби суретшіге айналып келеді. Кенепке кәсіби мамандар қолданатын бояумен сурет салады. Не саларын өзі таңдайды. Суретіне қарасаң ішкі әлемі терең. Сонымен бірге ол шахмат ойнайды. Ақтөбе қаласында үшінші разряд алды. Жүзе біледі, тіпті өз бетімен ағылшын тілін меңгеріп алған. Оны қалай үйренгенін білмейміз. Біздің ойымызша фильм қарап меңгерген сияқты. Ол ағылшынша түсінеді, жазады, - деді Нұрбек Сағынай.



Еске салсақ, С.Айтбаев атындағы Қызылорда көркемсурет галереясының қорындағы картиналардың біріне жасанды интеллект жан бітірді.