Ақтөбеде газ құю бекетіндегі өрттен аман қалған ер адамға күрделі ота жасалады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Өрт кезінде ол екі баласы мен әйелінен айырылды. Өзі бір айдан бері ауруханада ем қабылдап жатыр.
Науқас қазір № 1 Ақтөбе қалалық көпсалалы ауруханасында ем қабылдап жатыр. Көлік өртенген сәтте 54 жастағы ер адамның денесінің тең жартысына жуығын күйік шалған.
— Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты. Пациент бейінді бөлімшеде қажетті ем қабылдап жатыр. Бет және аяқ-қолдардағы күйік жаралары жазылып келеді. Емдеу жоспарына сәйкес, алдағы уақытта кеуде қуысының күйік жараларына аутодермопластика жасау жоспарланған, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, 19 маусым күні газ құю бекетінде тұрған көлік өртеніп, үш адам жанып кетті. Көлік ішіндегі үш адамның екеуі кәмелет жасқа толмаған.
Осы оқиғадан соң газ құю бекетінің иесі қамалды. Қылмыстық кодекстің «Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды.