Ақтөбеде газ құю бекетінде тұрған көлік өртеніп, үш адам жанып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Оқиға кеше түнде Ақтөбе қаласында болды. Көлік ішінде тірідей жанып кеткен үш адамның екеуі кәмелет жасқа толмаған.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 112 нөміріне хабар сағат 22:55–те түскен. Өрт сөндірушілер Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетіне шұғыл жетіп, өрт сағат 23:03–те толық сөндірілді.
— Өрт сөндіру кезінде көлік ішінен 3 адамның денесі табылды. Оның екеуі кәмелетке толмаған. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға орнына 10-нан астам техника мен 50-ден астам қызметкер барды. Өрт сөндірушілермен қатар Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасының мамандары болды. Қазіргі кезде өрттің қалай тұтанғаны анықталып жатыр.
Еске салсақ, наурызда Ақтөбе қаласында «Экогаз» газ құю бекеті жарылды.