Үшеуі жанып кетті: Ақтөбеде өрттен кейін газ құю бекетінің иесі қамалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қылмыстық кодекстің «Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қозғалды. Ал аман қалған ер адам қазір ем қабылдап жатыр.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрттен кейін бірден іс қозғалды.
— Газ құю бекетінде Honda маркалы көлік өртенді. Оқиға салдарынан үш адам, әйел және екі кәмелетке толмаған бала қаза тапты. Сондай-ақ ер адам күйік шалып, медициналық мекемеге жеткізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 281-бабы («Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу») бойынша іс тіркелді. Автогаз құю станциясының иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Ауруханаға 1972 жылғы ер адам жеткізілген.
— Денесінің жоғарғы бөлігін күйік шалған науқас жансақтау бөліміне түсті. Ол Ақтөбе қалалық көпбейінді ауруханасында жатыр. Есін біледі, өздігінен дем алып жатыр. Ем тағайындалды, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, оқиға кеше түнде Ақтөбе қаласында болды. Көлік ішінде тірідей жанып кеткен үш адамның екеуі кәмелет жасқа толмаған.