Ақтөбеде ғұн кезеңінде табылған алтын бұйымдар реставрацияланды

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбеде Елек I жерінен кездейсоқ табылған ат әбзелдері, қару-жарақ пен жауынгер киімінің реконструкциясы жасалды. Сонымен бірге археологтар бірнеше ауданда осы кезеңнің ескерткішіне қазба жұмысын жүргізіп, табылған құнды жәдігерлерді таныстырды, деп хабарлайды Kazinform. 

Биыл Ақтөбе облысының археологтары ғұн кезеңіне басымдық беріп, алдымен барлау жұмысын жүргізді. Шамамен осы кезеңнің 400-ден астам ескерткіші бар деп есепке алынды. Қазба жұмысы Қобда, Әйтеке би, Ойыл, Байғанин аудандарында жүргізілді. Яғни Ақбұлақ, Дербісәлі 2, Аққисық және Едіге жалы 2 қорымдары зерделенді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Биыл нысандарды сақтауға басымдық беріп, қазба жұмыстарына өзгерту енгіздік. Бұрын нысандарды қазып, алып тастайтын едік. Бұл жолы топырақтың бетін алып, төменгі бөлігінің формасы шығарылды. Гантель тәрізді деп айтқанымен, адамдар түсінбей қалатын. Қазір соны нақты көрсетудің уақыты келді. Кейбір нысандар тоналған болды. Кейбірі олжалы шықты. Мәселен әйел адамның мойнына тағатын моншағы бұрын жіпке тізілетін еді, бұл жолы күмісті жіптей жеңішке етіп, соны пайдаланған. Аластауға арналған заттар, қылыш та бар. Ең қызығы бұл кезеңде қайшы да пайда бола бастаған екен»,- деді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан бойынша филиалының директоры Аслан Мамедов.

Ақтөбе облысында бұған дейін ғұн дәуірінің ескерткіштері зерттелгенімен, ол өте аз болды. Биыл осы кезеңге басымдық берілді. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Ақтөбе облысы ғұн тайпалары шоғырланған үлкен мекен болды. Олар осы жерде күш жинап, 2-3 ғасыр тұрды. Бұрын болжам айтылса, биыл зерттеулер нақты дәлел болды. Қазба жұмыстары мамырда басталып, қыркүйектің соңында аяқталды. Ғұн-сарматтардың ескерткіштері 10-нан астам нысаннан тұрады. Кейбірінде 200 нысан болады. Сарматтарда дөңгелек тәрізді қорған болса, ал ғұн-сарматтар мәдениетінде жерлеу рәсімі өзгерді. Сонымен бірге элиталары өз келбетін де өзгерткен. Баланың басын қатты орап, сопақша қылып өсірген. Элита басқа тайпалардан ерекшелігін көрсету үшін дәл осылай жасаған деген ғылыми көзқарас бар», - деді Аслан Мамедов.

Халықаралық конференцияға Түркия, Венгрия, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның тарихшылары, археологтары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Жиын кезінде «Алтынқазған жерлеу-рәсімдік кешені (ІІІ – VI ғ. бірінші жартысы)» монографиясы мен «Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштері жинағы. Ақтөбе облысы. 1-ші шығарылым. Қарғалы ауданы» монографиясы шығарылды. 

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Сонымен бірге Елек I жерінен кездейсоқ табылған ғұн дәуірінің алтыннан жасалған ат әбзелі, қару-жарағы мен жауынгер киімі қалпына келтірілді. Оны ресейлік мамандар реконструкциялады.

Соңғы жаңалықтар