20:25, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтөбеде халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздарына қошемет көрсетілді
АҚТӨБЕ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Бүгін Ақтөбе облысының әкімдігінде дарынды балаларды қолдау мақсатында 2008-2009 оқу жылындағы халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың жүлдегерлеріне, 2008 жылғы тұңғыш Президентік олимпиаданың жеңімпаздарына, сондай-ақ оларды даярлаған мұғалімдерге қошемет көрсетілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық білім басқармасының бастығы Амангелді Құдайбергенов оқушылар мен олардың мұғалімдерін жоғары табыстарымен және жетістіктерімен құттықтады. Ол өз сөзінде бүгінде Ақтөбе облысы көптеген бағыттар бойынша, соның ішінде зияткерлік әлеует жөнінен де республикада көшбастаушылар қатарында келе жатқанын атап өтті.Айталық, өткен жылы 24 ақтөбелік оқушы халықаралық жарыстарда 27 жүлделі орынға ие болды, олардың көпшілігі, яғни 17-сі ? қазақ-түлік лицейінің оқушылары. Олар 11 алтын, 9 күміс және 7 қола медальді жеңіп алды. Оқушылар, әсіресе математика, физика, ақпараттандыру, химия пәндерінен табысқа жетіп жүр.2008 жылғы Президенттік олимпиада жеңімпаздарын даярлаған қазақ-түрік лицейінің математика және химия пәндерінің мұғалімдері Бауыржан Бисекенов пен Әли Төр облыстық білім басқармасы бастығының алғысхатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Олардың оқушылары Санжар Оразбаев пен Жандос Жетібаев тиісті пәндерден Президенттік олимпиада жеңімпаздары атанған еді.Сондай-ақ қазақ-түрік лицейінің директоры Муаммер Ташчының еңбегі аталып өтті. Осы білім ордасына облыстық білім басқармасы лицейдің жаңа спорт залы үшін жабдықтарды тарту етті.