Ақтөбеде қала маңындағы ауылда көшелерді қардан тазартатын мердігер анықталмай жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында көше жолдарын тазалайтын мердігер әлі анықталмады. Салдарынан тұрғындар үйіне жете алмай қиналды.

қыс
Фото: Абат Омарғалиев

Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Абат Омарғалиевтің айтуынша, таяуда ғана ауыл көшесіндегі жарық сөніп, 109 нөмірі арқылы көмек сұраған. Хабарлама облыс орталығына жетіп, ауыл әкімі өз ренішін білдірген. Ал қазір ауыл шетіндегі көшеде қар тазаланбай жатыр.

— Біз көршілерімізбен бірігіп, ауыл ішін аралап шықтық. Көп көшенің қары шығарылып, біздің жолымыз тазартылмады. Мұнда көше атауы жоқ, тек учаскеге бөлінген. № 1273-тен басталады. Осында бірнеше үй қатынассыз қалып отырмыз. Боран кезінде қар жиналмады, оған көндік. Арада бір аптаға жуық уақыт өтті. Балалар сабақтан қалады, үлкендер жұмыстан да қалады. Себебі мұндағы адамдардың көбі Ақтөбе қаласына қатынап жұмыс істейді, — деді Абат Омарғалиев.

Ал Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі Миржан Еламанның айтуынша, жыл басында мемлеметтік сатып алу рәсімі өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Алайда кәсіпкерлер өзара арыз түсіріп, шағым қаралып жатыр.

қыс
Фото: Абат Омарғалиев

— 2024 жылдың қараша айында конкурс жарияланды. Барлығы 7 кәсіпкер қатысты. Оның үшеуі үш орынды иеленді. Бірақ конкурсқа түскен мердігерлер бір-біріне шағым түсірген. Қазіргі кезде демеушілердің көмегімен жолды қардан тазартып жатырмыз. Ауыл үлкен. Бір басынан екінші басына бару үшін 6 шақырым болады. Барлығы 73 көше болса, оның 65 көшесі ашылды. Тағы 8 көше қалып тұр. Ауылдың техникаларының жағдайы белгілі, көне. Қазір жөндеуде тұр. Әрі біз тек демеушілікпен жұмыс атқарып жатырмыз, — деді Миржан Еламан. 

Ал аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, өзге ауылдың жолын тазартып жатқан мердігерлерге өтініш береді.

Еске салсақ, Ақтөбеде аязды күні жол бойында құтқару жұмысы жүргізілді. Шетелдіктер мінген көліктердің 100-ден астам жолаушысы мен жүргізушісі жылыту пунктіне жеткізілді

Соңғы жаңалықтар