Ақтөбеде қала және ауыл әкімдері сайланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Алға қаласының әкімі Жандарбек Бақынжанұлы болды. Сонымен бірге өңірде үш ауылдың әкімі ауысты.
Ақтөбенің Алға және Әйтеке би аудандарында қала және ауылдық округ әкімдері сайланды. Бұған дейін әкім болғандардың бәрі өкілеттілігін мерзімінен бұрын босатты. Төрт әкімді сайлауға 2 аумақтық және 20 учаскелік сайлау комиссиясы құрылып, жұмыс істеді.
— Барлығы 4 сайлау округі бойынша 14 кандидат ұсынылды. Оның біреуі — «AMANAT», ендібіреуі — «Ауыл», тағы біреуі — «Respublica» партиясынан. Өзгесі өзін-өзі ұсынды. Кандидаттардың басым бөлігі, яғни, 71%-дан астамы — мемлекеттік қызметші. Сонымен бірге екеуі — бюджеттік сала, біреуі — коммерциялық құрылым қызметкері, біреуі — уақытша жұмыссыз. Тіркеуге дейін 2 кандидат мемлекеттік қызмет заңнамасының талаптарына сәйкес келмей, тізімнен алынды. Сайлауға 12 кандидат қатысты. Сайланған әкімдердің екеуі — мемлекеттік, екеуі — бюджеттік сала қызметкері, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық аумақтың сайлау комиссиясы.
Алға қаласына Жандарбек Бақытжанұлы әкім болып сайланды. Ол бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Тамды ауылдық округінің әкімі болған Марат Нұртазин бұған дейін «Жерұйық» негізгі мектебінің директоры болды.
Ал Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылдық округіне Саламат Ерімбетов әкім болды. Ол бұған дейін аудан әкімі аппаратының бөлімшесін басқарды. Қарабұтақ ауылының әкімі қызметіне Ербақыт Қаржаубаев сайланды. Мектепте, ауылдық, аудандық әкімдікте, кейін мәдениет үйінде директор қызметін атқарған. Ербақыт Қаржаубаев былтыр наурыз айында мас күйінде куәландырудан бас тартып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 613-бабы 4-бөлігі бойынша жауапқа тартылды.
Еске салсақ, Ақтөбеде істі болған екі әкімнің орнына жаңасы сайланады. Қазіргі кезде Хромтау және Қандыағаш қаласы әкіміне үміткерлердің тізімі анықталды. Екі қалада да үш үміткерден бар.