Ақтөбеде кәмелетке толмаған балаларды тонаған екі студент қамауға алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында екі баланы тонады деген күдікпен 16 жастағы студенттер ұсталды. Күдіктілер жәбірленушілерге күш көрсету арқылы қорқытып, ұялы телефондары мен күртелерін тартып алған.

Ақтөбеде кәмелетке толмаған балаларды тонаған екі студент қамауға алынды
Фото: Ақтөбе облыстық ПД

Тергеу-тексеру кезінде оқиға 1 қараша түні қаладағы саябақтардың бірінде болғаны анықталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында оларды көп ұзамай ұстаған. Күдіктілердің Ақтөбе қаласының 16 жастағы тұрғындары екені анықталды. Екеуі де жергілікті колледждерде білім алады.

Олар кінәсін мойындаған.

— Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деп хабарлады Полиция департаменті.

Полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес, тонау дерегі бойынша кінәлі деп танылғандарға мүлкін тәркілеумен бірге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салды.

Бұған дейін Павлодарда 9-сынып оқушысы өзге біреудің телефонын пайдаланып, жедел қызметке терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы жалған хабар бергені жөнінде жазған едік.