Павлодарда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 9-сынып оқушысы өзге біреудің телефонын пайдаланып, жедел қызметке терроризм актісі дайындалып жатқаны туралы жалған хабар берген.

бомба
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, оқиға болған күні жасөспірім сабаққа кешігіп келген. Спорт залында қараусыз жатқан сыныптасының ұялы телефонын көріп, әзіл ретінде жедел қызметке қоңырау шалуды ұйғарған. Алайда ол өз әрекетінің салдары туралы ойланбаған.

Құқық қорғау органдары қоңырау түскен нөмірді жедел анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерген.

– Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігіне тапсырылды, – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Тәртіп сақшылары терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескертеді. Бұл әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. 

- Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты жедел қызметтердің әрекет етуіне жұмсалған шығындар өтелуге тиіс. Бұл жағдайда келтірілген шығынды өндіру мәселесі кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдеріне қатысты қаралады, - деп қосты полициядан.

Еске сала кетейік, достарына терроризмді насихаттаған ақтөбелік сотталды.