Достарына терроризмді насихаттаған ақтөбелік сотталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қылмыстық оқиға былтыр жазда болған. Ақтөбелік қонақта және көлік ішінде достарына зорлық-зомбылықты, терроризмді насихаттаған. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны 2011, 2016, 2017 жылдары қылмыстық жауапқа тартылған. Соның ішінде 2016 жылы діни алауыздықты қоздырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл жолы оған Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігімен айып тағылды.
- Сот сараптамасының қорытындысына сүйенсек, сотталушының сөзінде терроризмді, зорлық-зомбылықты насихаттау, адамдарды қарулы қақтығысқа шақыру белгілері бар. Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылық жасады. Айыпты деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймыз,- деді прокурор.
Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Ол қонаққа барғанда, көлік ішінде өз достарына діни мамұндағы кітаптарды түсіндіргенін жеткізді. Қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте қаралады
- Қылмыстық кодекстің 256-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтесін. Сот шығыны ретінде 2,6 млн тг өндірілсін,- деді судья Аян Кусаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, терроризмді насихаттаған ақтөбелік 8 жылға бас бостандығынан айырылды.