Ақтөбеде кәсіпкерден 1,7 млн теңге пара алған тергеуші 3 жылға сотталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Б. Мерейге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған болатын. Айта кетейік, тергеуші заңсыз кәсіпкерлік туралы қылмыстық істі тоқтату үшін жеке фирманың басшысынан 1,7 млн теңге пара алған.
«Ақтөбе қаласының №2 соты Б.Мерейді пара алу фактісі бойынша кінәлі деп таныды және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Ол сот үкімімен 3 жылға сотталды» делінген хабарламада.
Тергеуші сондай-ақ «3-санатты біліктілік сыныбы» арнайы атағынан да айырылды.