Ақтөбеде кәсіпкерді атып өлтірген күдікті әлі іздестіріліп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қылмыстық оқиға кеше таңда болды. Арада бір тәуліктен астам уақыт өтсе де, полиция күдіктіні таба алмады.

полиция
Фото: ҚР ІІМ

Ақтөбе қаласы Нұрлы таң көшесіндегі үйдің ауласында болған қылмыстық оқиға кезінде жанар-жағармай желісінің директоры көз жұмды.

Бірнеше БАҚ оның кәсіпкер Айболат Жисов болуы мүмкін екенін жазды. Марқұмды жерлеу рәсімі ертең өтеді.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті әлі ұсталмады, іздеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, кеше Ақтөбеде 49 жастағы ер адамға оқ тиіп, ол өз үйінің ауласында көз жұмды. Бетперде киген бейтаныс адам бағалы заттарды алған, кейін көлікті айдап кеткен. Іс Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, тергеу жүріп жатыр.