Ақтөбеде кәсіпкерлерге екі апталық азық-түлік қорын жасақтау тапсырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жолдар жабылған кезде де баға көтерілмеуі керек. Ал жеткізу кезінде тек көлік емес, қажет болса теміржол тасымалын қолдану ұсынылды. 

Ақтөбеде кәсіпкерлерге екі апталық азық-түлік қорын жасақтау тапсырылды
Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қ. филиалынан

Ақтөбе облысында азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімді тұрақты жеткізу тұрғысында жиын өтті. Оған сауда желілері мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Қазіргі кезде тауардың көбі тасжол арқылы жеткізіледі. Ал республикалық және облыстық маңызы бар жолдар қыстың боранды күні жиі жабылады. Бұл азық-түліктің 2-5 күн кешігіп жетуіне әкеп соғуы мүмкін. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов әсіресе әлеуметтік маңызы бар тауарға басымдық беру керек екенін ескертті.

– Жиын барысында жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Ең алдымен жеткілікті азық-түлік қорын қалыптастыру мәселесі көтерілді. Сауда желілеріне бірінші кезектегі қажетті тауарлар – ұн, күнбағыс майы, түрлі жарма, қант және көкөністер. Кемінде 15–20 күнге жететін «қауіпсіздік қорының» болуын қамтамасыз ету тапсырылды. Екінші басымдық логистикалық тәуекелдерді төмендетуге берілді. Қолайсыз ауа райы ұзаққа созылған жағдайда автокөліктен теміржол көлігіне көшу, сонымен бірге баламалы жеткізу сызбаларын пысықтау ұсынылды. Ал қоймаларда резервтік қуат көздері болуы шарт. Бұл өнімді сақтау кезінде тұрақты температуралық режимді қамтамасыз етуге септігін тигізеді, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Енді сауда желілері облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына апта сайын қоймада қанша өнім қалғанын хабарлап отыруы керек. Егер жолдар жабылса азық-түлік тиелген жүк көлігінің қай маңда тұрғанын ТЖД және құқық қорғау органдары білуі тиіс. Сонымен бірге алдын ала келісім бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесі үшін 7%-дан жоғары қоспау міндеттелді. Ал қоймаларда дизель-генераторлар мен қар тазалау техникасы дайын тұруы тиіс.

Айта кетейік, елімізде азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталған. Биыл 4 қаңтардан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді. 

Соңғы жаңалықтар