18:50, 26 Желтоқсан 2017 | GMT +5
Ақтөбеде қатты жел жаңа жылдық шыршаны қисайтып кетті
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ұйтқи соққан қатты желдің салдарынан Тұңғыш Президенттің атындағы Орталық саябақта орнатылған жасанды шырша қисайып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Желдің қаттылығынан шыршаның құрылымы қисайып қалды. Шыршаны мердігер фирманың базасына жөндеу үшін алып кетті. Ол шыршаның құрылымы 10 жылдан бері қолданылып келе жатыр. Осы себепті металл майысып кеткен көрінеді. 30 желтоқсанға дейін шырша қайтадан орнына орнатылып, қосымша бекітілетін болады», - дейді қалалық ТҮКШ және абаттандыру секторының меңгерушісі Хасен Юсупов.
Ал Ақтөбедегі ең үлкен шыршаның биіктігі - 18 метр. Ол облыстық әкімдік ғимаратының алдындағы алаңға орнатылған. Хасан Юсуповтың айтуына қарағанда, басты шыршаның құрылымын орнату кезінде ешқандай ақау болмаған. Сондықтан, ол шыршаның құлайтындай қаупі жоқ.