Ақтөбеде ҚазКСР Жоғарғы сотының төрағасы Әбидолла Биекеновтің 100 жылдығы атап өтілуде

Таңертең облыстық сот ғимаратында митингі өтті және оған қатысушылар Әбидолла Биекеновтің мүсініне гүл шоқтарын қойды, бұдан кейін ғылыми-практикалық конференция болды. Шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, оқу орындарының өкілдері, белгілі заңгерлер, сондай-ақ Әбидолла Биекеновтің туыстары қатысты. Конференция кезінде «Жасын ғұмыр» кітабының таныстырылымы болды.
Әбидолла Биекенов 1911 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданында №19 ауылда туған. 1929 жылы теміржол мектебін, Ақтөбе кеңес-партия мектебін, 1939 жылы КСРО Әділет Халық комиссариаты жанындағы Құқық академиясын үздік бітірді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Екі Қызыл жұлдыз орденімен марапатталған.
1931-32 жылдары Шалқар аудандық кәсіподағында хатшы, Шалқар аудандық «Социализм туы» газеті редакторының орынбасары, Қарабұтақ аудандық партия комитетінің хатшысы, Қарабұтақ аудандық тұтыну одағы кооперациясы бастығының орынбасары болды. 1936-1939 жылдары Шалқар, Жем аудандарының судьясы, Ақтөбе облыстық сотының судьясы, 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Беларус майданы І саяси басқармасының нұсқаушысы болды. 1946 жылы ҚазКСР Жоғарғы сотының төрағасы қызметіне сайланды.