Ақтөбеде кейінгі бес жылда 346 заңды тұлға мен жеке кәсіпкер банкрот болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Биыл жарты жылда 21 борышкер банкрот деп танылды. Олардың кредиторлық берешегі 10 млрд теңгеден асады. Kazinform сауалына Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жауап берді.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, банкрот болған компаниялардың көбі көтерме саудада өткізу қызметін ұсынған.
- Банкрот деп танылған борышкерлердің негізгі қызметі әртүрлі. Бірақ көбі тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада өткізумен айналысқан. 2021 жылы 41 борышкер банкрот деп танылған. Олардың кредиторлық берешегі – 48,2 млрд теңге. 2022 жылы 85 борышкер банкрот деп танылып, кредиторлық берешегі 31,2 млрд теңге, 2023 жылы 53 борышкер банкрот болып, кредиторлық берешегі 11,5 млрд теңге, 2024 жылы 84 борышкер банкрот деп танылған, берешегі 26,5 млрд теңге болды. Ал 2025 жылы 62 борышкер банкрот деп танылған. Олар жалпы кредиторлық берешегі 21 млрд теңгеден асады. Биыл 6 айда 21 борышкер банкрот болды. Жалпы кредиторлық берешегі 10,5 млрд теңге,- деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.
Банкрот болған компаниялар ішінде «Ақтөбе-Жылыжай» ЖШС-і бар. 2022 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Сол кезде компанияның қарызы 2 млрд теңгеден асып кетті. Ал 2024 жылғы талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалып, 800 млн теңгеге жуық қаржының кредиторы «Aktobe Greenhouse Complex» ЖШС-і болды.
- 2024 жылы кепілге салынған мүлік - жылыжай кешенін уақытша жер пайдалану құқығымен бірге беру туралы шешім қабылданған. 2025 жылы «Ақтөбе-Жылыжай» ЖШС-і таратылды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының қарызы 143 млрд теңгеге жетті. Оған тағы 19,4 млрд теңгеден облигациялық қарыз қосылды.