15:43, 29 Қыркүйек 2025 | GMT +5
Ақтөбеде киіктің қырылу себебі нақтыланды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Экологтер судан сынама, ветеринарлар патологиялық материал алып, қорытындысы шықты. Жұқпалы ауру анықталмады.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы аумағында киік бірін-бірі таптап кетіп, өлген. Алдын ала айтылған болжамды бүгін облыстық ветеринария басқармасы растады.
— Киіктер бастырылып өлген, инфекциялық ауру жоқ. Киікті сойып, патологиялық материал алды. Қорытындысы осы, — деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембай.
Ақтөбе облыстық экология департаменті судан сынама алды. Тексеру кезінде нормативтен тыс арту деректері тіркелмеді.
Еске салсақ, Әйтеке би ауданы аумағындағы Қайрақты өзенінде 108 киік өлексесі табылды. Оның 60-ы аталық, 48-і аналық. Киіктің бәрі өзеннен шығарылып, көмілді.