Ақтөбеде қыстың боранды күніне дайындық жүріп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында барлық бағыттағы жолдарға жауаптылар қысқа әзірленіп жатыр. Биыл өңірде 129 жылыту бекеті жұмыс істейді.
Ақтөбеде республикалық, облыстық маңызы бар жолдарды қысқа дайындау жұмысы жүріп жатыр.
– Қазіргі кезде төтенше жағдайлар қызметі мен азаматтық құрылымнан 1 567 адам мен 455 техника әзір. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 129 жылыту бекеті болады. Онда боранды және аязды күні жолда қалғандар жеткізіліп, көмек көрсетіледі, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ал Ақтөбе қаласында биыл автожолдарды күтіп ұстау конкурсын ұтып, міндеттеме алған 17 мердігер бар. Олар 24 учаскеде жұмыстарын жалғастырып жатыр.
– Бұл мекемелер қазір 240-тан астам арнайы техниканы қысқа дайындап жатыр. Арнайы техникалардың жүргізушілерінен бөлек мердігер ұйымдарда жол жиектерін тазалайтын 250 жұмысшы бар. Қазір инертті материалдардан 1 мың тонна тұз, 2 мың тонна құм дайын тұр, - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Айта кетейік, қала ішіндегі жұмысты жүйелеу үшін былтыр «АТК қызмет» коммуналдық мекемесі құрылды. Бюджеттен қаржы бөлініп, оған 80-нен астам техника сатып алды. Оның 18-і тұз шашатын, 14-і қар таситын көлік және 8 жүк тиегіш, 4 жаңа автогрейдер, 8 жаңа трактор қысқы маусымға әзір.
Еске салсақ, мұндай дайындық жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр. Мәселен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ы биыл қысқы көктайғақта себілетін техникалық тұз, құм, химиялық реагент секілді материалдар былтырғыдан 3 есе мол дайындалған.